Қырғызстандықтар ChatGPT-дің қазақ тілінде жиі жауап беруіне алаңдаулы
smartnews.kz

Қырғызстандықтар ChatGPT-дің қазақ тілінде жиі жауап беруіне алаңдаулы

Қырғызстанда жасанды интеллектке қатысты алаңдаушылық арта түсуде. ChatGPT чатботын пайдаланған кейбір қырғызстандықтар бұл жүйенің өздеріне қырғыз тілінде емес, көбіне қазақ тілінде жауап беретінін айтып шағымданып жатыр. Бұл жөнінде Anyqtime.kz тілшісі Smartnews.kz сайтына сілтеме беріп хабарлады.

Әлеуметтік желілерде қырғыз ұлтының өкілдері GPT моделінен сұрақ қойған кезде, жауаптар жиі қазақша келетінін айтып, бұл жағдайдың ұлт тіліне қауіп төндіруі мүмкін екенін жеткізуде. Тіпті, кейбір қолданушылар: «Осы бетімен кете берсе, 15 жылдан кейін жастар түгел қазақша сөйлейтін болады» деп алаңдаушылық білдірген.

Белгілі журналист Сырым Итқұлов бұл жағдайды оң үрдіс ретінде бағалап отыр. Оның пікірінше, қазақ тілді қолданушылар ChatGPT-мен алғаш күндерден бастап ана тілінде белсенді жұмыс істеп, оған қазақша сөйлеу мәнерін, мақал-мәтелдерді үйретіп келеді.

«Бағдарлама қазір ауыл-аймаққа дейін қолжетімді. Тіпті әдебиет пәнінің мұғалімінен артық мақал-мәтел айтып, таза қазақ тілінде диплом жазып бере алады», – дейді ол.

Алайда Қырғызстанда бұл үрдіс керісінше қабылдануда. Wikipedia жобасының маманы Чоробек Сааданбековтың айтуынша, қырғыз тілінде ChatGPT-ге енгізілген дерек аз. Сондықтан ол қазақ тіліндегі ұқсас контентті пайдаланады.

«Қазірдің өзінде көптеген жастар білім мен ақпаратты осы жүйеден алады. Егер тілдік контентті қазірден бастап толықтырмасақ, ертең жастар өз ана тілінде сөйлей де, жаза да алмай қалуы мүмкін. Біз концепцияны қырғызша жазсақ та, GPT оны қазақша немесе орысша етіп бере салады», – деді ол.

Маман жасанды интеллект жүйелерінде ана тілін дамытуға бағытталған нақты стратегия қажет екенін атап өтті. Әйтпесе, тілдік бәсеке тек ақпараттық майданда емес, ұрпақтың санасында да шешілуі мүмкін.