Қазақстандық мектеп оқушысы шахматтың әлемдік жұлдызын тізе бүктірді
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Қазақстандық мектеп оқушысы шахматтың әлемдік жұлдызын тізе бүктірді

Батумиде өтіп жатқан шахматтан Әлем кубогында қазақстандық жас шахматшы Елназ Қалиахмет сенсациялық нәтиже көрсетті. Ол грузиялық тәжірибелі гроссмейстер Нино Бациашвилиді жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы  Sportinside.kz-ке сілтеме жасап.

Алғашқы партия тең аяқталса, екінші партияда Елназ шебер ойынымен қарсыласынан басым түсті. Осылайша, 15 жастағы мектеп оқушысы 1/16 финалға шықты.

Айта кету керек, Бациашвили — 2015 жылғы командалық әлем чемпионатының жеңімпазы. Биылғы турнир оның туған қаласы Батумиде өтіп жатқандықтан, бұл жарыс спортшы үшін ерекше мәнге ие болған еді.

Елназ Қалиахмет — Қазақстан шахматында жарқ етіп келе жатқан жас талант. Ол небәрі 14 жасында ересектер арасында ел чемпионы атанған.

Әлем кубогында ел намысын тағы бір шахматшы — Меруерт Камалиденова да қорғап жатыр. Ол да екінші кезеңге өтті. Камалиденова алғашқы партияда 2023 жылғы Әлем кубогының иегері, ресейлік Александра Горячкинаны жеңіп, екінші партияда тең түсті. Қарсыластардың шешуші кездесуі тай-брейк форматында өтеді.

Жарыс жеңімпазына 50 мың доллар (25 млн теңгеге жуық) көлемінде жүлде қарастырылған.