Рақмет сізге, әкім мырза! – жұрт жүрегін елжіреткен оқиға

11 шілде, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: facebook/ Расул Қасенхан

Шұбартүбек кентінің әкімі қарапайым әрекетімен желі қолданушыларының ықыласына бөленді, деп хабарлайжы Anyqtime.kz порталы politico.kz сайтына сілтеме жасап.

Threads желісіндегі қолданушы Лера Мачинаның айтуынша, ол Шұбартүбекте шұғыл түрде дәретхана іздеп, бас қақпа маңындағы қоғамдық әжетханаға барған. Сол жерде тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқан ер адам санитарлық сағат екенін айтып, кіруге бірден рұқсат бермеген. Алайда жағдайдың шұғылдығын түсінген соң, рұқсат беріп: «Шыққан соң төлейсіз», – деген.

Қызметті пайдаланғаннан кейін Лера төлем әдісін сұрағанда, ер адам Kaspi қосымшасынан кез келген қайырымдылық қорына 50 теңге аударуды өтінген. Таңғалған бойжеткен оның себебін сұрағанда, әлгі азамат өзінің осы кенттің әкімі екенін және дәретханалардың тұрғындар мен қонақтарға қолайлы болу үшін орнатылғанын айтқан. Бірақ тұрғындардың ұқыпсыздығынан нысан жиі істен шығады екен. Сол себепті ол тәртіпті сақтау және мұқтаждарға көмектесу мақсатында осындай төлем жүйесін енгізгенін жеткізген.

Лера жазбасында: «Мен сізге басымды иемін, құрметті Балқаш әкімі. Атыңызды білмеймін, бірақ адамдар үшін қарапайым, бірақ аса маңызды істерге жеке өзіңіз қамқорлық танытқаныңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деп алғысын білдірді.

Кейінірек жазбаға пікір қалдырған Шұбартүбек кентінің әкімі Расул Қасенхан оқиғаның рас екенін растады. Ол өзін қала емес, кент әкімі екенін де нақтылады.

Желі қолданушылары бұл әрекетті жоғары бағалап, «Нағыз әкім!», «Халыққа шын жанашыр жан екенсіз» деген жылы лебіздерін жаудырып жатыр.

Тэгтер:

Әкім Шұбартүбек Расул Қасенхан