Алматыда үндістандық, кореялық және қазақстандық мамандар бірігіп түсіріп жатқан жаңа фильмнің жұмыстары жүріп жатыр. Қала көшелеріндегі кәріс жазуы бар маңдайшалар мен безендірулер тұрғындардың назарын бірден аударған, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Түсірілім Алматының 15-тен астам нүктесінде жүргізілуде. Жоба продюсерлері – Майра Қарсақбаева мен Сарфараз Алам Сафу. Бұл Майра Қарсақбаеваның Қазақстанда түсіріп жатқан 11-ші үнді фильмі. Сеул атмосферасын беру үшін Көк базар, Жібек жолы және Арбат сынды орындар арнайы қайта жасақталған.
Басты рөлді үнді актері Варун Тэдж сомдайды. Сонымен қатар жобаға Оңтүстік Корея актерлері мен жергілікті әртістер де тартылған. Жергілікті актер Борис Югай бұл фильмде екінші дәрежелі рөлді сомдап жатыр.
Түсірілім тобы 350 адамнан құралған, оның басым бөлігі – қазақстандықтар. Продюсерлер Қазақстан киноиндустриясында әлеует барын мойындай отырып, шетелдік жобалар үшін салықтық жеңілдіктер (ребейт) жүйесін іске қосуды қолдайтынын жеткізді.
Фильмнің мазмұны әзірге құпия сақталуда. Премьера 2026 жылдың басында өтеді деп жоспарланған.