«Арды киіммен өлшеу қиын» – Жұлдыз Әбдікәрімова сын айтқандарға жауап қатты
стористен скриншот

«Арды киіммен өлшеу қиын» – Жұлдыз Әбдікәрімова сын айтқандарға жауап қатты

Танымал әнші Қайрат Нұртастың жары, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram парақшасына қысқа белдемше киген видеосын жариялап, әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Желі қолданушылары актрисаның киіміне қатысты түрлі сыни пікірлер жазған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Видеоға пікір білдіргендердің көбі оның сырт келбетіне емес, киім таңдауы мен ана ретіндегі келбетіне шүйлікті.

«Төрт баланың анасысың ғой, етегіңді ұзартсаңшы», «Қарапайымдылықты киімнен бастау керек», «Арың қалай жібереді осылай киінуге?» – деген мазмұндағы пікірлер желіде көбейе түсті.

Алайда Жұлдыз бұл сыни көзқарастарға бей-жай қарамай, өз ұстанымын ашық жеткізді. Ол ар мен ұяттың тек киіммен өлшенбеуі керектігін айтып, жазба жариялады.

«Ар деген ұғымды киіммен өлшейтін болсаңыздар, онда мәселе күрделі екен. Төрт бала тудым екен деп өзіме шектеу қоюым шарт емес. Адамның қарапайымдылығы сыртқы киімінде емес, ішкі мәдениетінде», – деді актриса.

Сондай-ақ, ол пікірлердің біржақты кетіп бара жатқанын аңғарып, әңгіменің бағытын өзгертуді жөн көрді:

«Әжептәуір мағыналы ой бастап едім, кейбіреулер оны белден төмен түсіріп жіберді. Қой, осы жерден тоқтайық, әйтпесе шынымен де ұят болады», – деп сөзін түйіндеді Жұлдыз Әбдікәрімова.

Бұл жағдай отандық жұлдыздардың сырт келбеті мен қоғамдағы орнына қатысты пікірталастың әлі де өзектілігін көрсетіп отыр. Танымал тұлғалардың жеке стилі мен еркіндігі – көпшілік назарының ортасында қала беретіні анық.