Елдостың дәрігерге айтқан уәжінен кейін, Байқошқарова бірден кешірім сұрады
Суретте Таңшолпан мен Елдос және Экомед клиникасының өкілі Перизат Байқошқарова. Коллаж: Anyqtime.kz

Елдостың дәрігерге айтқан уәжінен кейін, Байқошқарова бірден кешірім сұрады

"Экомед" клиникасының өкілі Перизат Байқошқарованың әлеуметтік желіде Елдостың бедеулігі жайлы айтқан пікірінен кейін, танымал блогер Елдос Кәдірханов та өз уәжін айтып, бейнежазбамен жауап қатты. Елдостың сөзін көпшілік құп көргеннен соң Перизат Байқошқарова блогер мен жұбайынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.

Елдос Кәдірхановтың жауабы

Әлеуметтік желіде талқыға түскен Перизат Байқошқарованың сөзіне Елдос Кәдірханов Instagram желісінде ашық жауап берді.

«Айқайлап, ашуға булығып, агрессиямен айтқым келіп тұрған жоқпын», – дейді ол сөзінің басында.

Ол Байқошқарованың өзін тікелей емдемегенін, операцияда болмағанын, алайда отбасылық жеке әңгімені көпшілікке ашық жеткізгенін сынға алды.

«Сіз бізді емдеген жоқсыз. Біздің операцияда болған жоқсыз. Бірақ сіз докторларға айтатын әңгімені бүкіл әлеуметтік желіге, халыққа айта салдыңыз. Сол — сіздің үлкен қателігіңіз болды», – деді ол.

Блогердің айтуынша, халық бәрін түсінетін дәрігер емес. Сондықтан қысқа қайырылған мәлімдеме оларды шатастырып, теріс пікірлерге себеп болған.

«Халықтың бәрі сіздің қысқа қайырып айтқаныңызды бірден түсініп алатын дәрігер емес. Онымен қоса, "Елдос сияқты ұрығы жоқ бедеу жігіттер бізге көп келеді" деп айттыңыз. Ал операция жасалмай тұрып бедеулік диагнозы қойылмайды. Сіз мұны жақсы білесіз», – деді Елдос.

Ол сонымен қатар, клиникада тегін емделмегенін, барлығын толық төлегенін және жарнама жасауға арнайы келісім бермегенін атап өтті.

«Мен ол клиникада тегін емделген жоқпын. Барлығын ел қатарлы төледік. Алайда жарнама жасаймыз деп келіскен жоқпыз», – дейді ол.

Дегенмен, сәбилі болғысы келетін өзге отбасыларға үміт сыйлау үшін барлығын шын ниетпен жасағанын айтты.

«Сонда да мен барлығын шын көңіліммен жасадым. Біз сияқты қаншама отбасы бар — солар да балалы болсыншы деген ниетпен ақпаратты шын көңілмен бөлістім», – деді ол.

Елдос Байқошқароваға өз тарапынан тағы бір өкпесін жеткізді. Оның айтуынша, клиника өкілі ешқандай рұқсатсыз олардың жағдайын ашық жария еткен.

«Сіз біздің операцияға қатысқан дәрігер емессіз. Бірақ сіз біз туралы елге жар салдыңыз. Айтатын болсаңыз, басынан аяғына дейін халыққа түсінікті етіп, бас-аяғы бар қылып айтуыңыз керек еді», – деді ол.

Бұған қоса, ол осыдан бірнеше жыл бұрын Таңшолпан екеуі Байқошқарованың қабылдауында болғанда, «бала асырап алыңдар» деген ұсыныс естігенін айтып отыр.

«7–8 жыл бұрын біз сіздің алдыңызға барғанда, біздің анализімізді алмай жатып, "бала асырап алыңдар, пайда жоқ" деп шығарып салғансыз», – дейді Елдос.

Сол кезде олар шетелге барып, бірнеше елде емделіп, нәтиже шықпаған соң, қайтадан Экомедке келген.

«Сіздерде мықты аппарат пен мықты дәрігерлер бар деген соң, бір көрейікші деп барған едік — нәтижесін берді», – деді ол.

Алайда көпшілік алдында айтылған мәлімдемеден кейін жұрт арасында түрлі қауесеттер таралып, отбасына ауыр соққы тиген.

«Қазір халықтың бәрі: "Ойбай, Елдоста ұрық жоқ екен, қатыны қалай екіқабат болды?" деп шулап жатыр. Содан кейін менің әйелім қазір жылап отыр», – деді блогер.

Ол бүгінде жұбайының күйзеліске түсіп, жүйкесі сыр беріп жатқанын, ал бұл жүктілік кезінде өте қауіпті екенін айтты.

«Нерв, депрессия, стресс — ол еще екіқабат. Бұның бәрі баланың денсаулығына әсер етеді. Сіздер оның бәрін білесіздер ғой», – деп қынжылады Елдос.

Сөзінің соңында блогер жұбайын қалай жұбатарын білмей, шарасыз күй кешіп отырғанын жеткізді.

«Біз не істейміз енді? Мен қалай жұбатамын әйелімді?» – деп аяқтады ол сөзін.

Перизат Байқошқарованың кешірімі

Экомед клиникасының өкілі Перизат Байқошқарова әлеуметтік желідегі даулы мәлімдемесіне байланысты Елдос Кәдірханов пен Таңшолпаннан кешірім сұрап, ресми түсініктеме жариялады. Оның айтуынша, айтылған сөздердің кейбірі бұрмаланып қабылданған болуы мүмкін.

«Айналайын Елдос, Таңшолпан! Сіздердің қол жеткізген нәтижелеріңізге бүкіл ел қуанып жатыр. Астана қаласындағы клиникамызға, сондай-ақ Алмаз Құрманәлиұлы мен Азамат Сандыбайұлына үлкен алғыс айтып жатқандарыңызға шын жүректен ризамыз», – деді ол сөзінің басында.

Дәрігердің айтуынша, ерлі-зайыптылар бұған дейін басқа елдерде нәтиже ала алмағанымен, Экомедтің Астанадағы орталығында ота сәтті жасалып, жүктілікке қол жеткізілген.

«Басқа елдерде ота жасалып, нәтиже болмай жатса да, Астанадағы орталықта сәтті ота жасалып, ұрық табылып, эмбрион дайындалып, жүктілікке қол жеткіздік. Одан бөлек, қалған биоматериал да арнайы сақтаулы тұр», – деді Байқошқарова.

Ол мұндай оң нәтижелерге тек кәсіби дәрігерлер ғана емес, озық технологиялар да себеп болғанын айтып өтті.

«Осындай керемет нәтижелерге себепкер болған ең озық технологияларды барша халыққа қолжетімді ету мақсатында, басшыларымыз Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Атырау қалаларындағы орталықтарға қойды», – деді клиника өкілі.

Дегенмен, өз сөзінің кейбір адамдардың жүрегіне ауыр тигенін естіп, шын жүректен өкінетінін жеткізді.

«Мен тек осыны жеткізгім келген еді. Алайда айтылған бір ауыз сөзім кейбір жүректерге ауыр тигенін естіп, жүрегім алаң. Бұл сөз ешкімді ренжіту үшін емес, керісінше, үміт сыйлау үшін айтылған еді…», – деп жазды ол.

Перизат Байқошқарова Елдоспен бұған дейін сөйлескенін де атап өтті. Ол кезде қажетті технология болмағанын, бірақ бүгінде ол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

«Иә, Елдос бауырым бұрынырақ хабарласқан. Ол кезде, өкінішке қарай, бізде ондай технология болмаған. Ал бүгінгі таңда — бар», – деді ол.

Дәрігер сонымен қатар, өз сөзінің қоғамға бұрмаланып жеткенін мойындап, өзін журналист емес екенін алға тартты.

«Бұл — менің жеке пікірім. Елдос дұрыс айтты: “Бәрі дәрігер емес.” Ал мен де журналист емеспін. Сондықтан кей сөздерім бұрмаланып, толық жеткізілмеген болуы мүмкін. Соған шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.

Ол Елдос пен Таңшолпаннан ғана емес, бүкіл қазақ елінен кешірім сұрап, мәселені осы видеомен жабуды ұсынды.

«Елдос пен Таңшолпаннан, сондай-ақ барша Қазақ елінен кешірім сұрай отырып, осы видеомен арада туындаған түсініспеушілікке нүкте қоюды жөн көрдім», – деді дәрігер.

Сөз соңында ол ерлі-зайыптыларға шын жүректен ақжарма тілегін білдіріп, жақсылық тіледі.

«Таңшолпан аман-есен жеңілдеп, Елдос екеуі көптен күткен өз сәбилерін құшағына алып, шаңырақтарында үлкен қуаныш тойы болсын деп шын жүректен тілектеспін! Бұл – жүректен шыққан үндеу. Қабыл алсаңыздар – рақмет. Жүрекпен түсінсеңіздер – мың алғыс», – деп түйіндеді сөзін Перизат Байқошқарова.