Халық әртісі Айгүл Қосанова жас айырмашылығы бар некесі туралы пікір білдірді
Суретте Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова. Фото: Бейнежазбадан кескін

Халық әртісі Айгүл Қосанова жас айырмашылығы бар некесі туралы пікір білдірді

Дәстүрлі әнші, домбырашы, профессор, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова «Мамский әңгіме» подкастында өміріндегі ең шынайы сәттермен бөлісті. Ол өнер жолының басталуы, ұстаздық қызметі мен отбасылық таңдауы жайлы ашық айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жолдасым менен 14 жас үлкен»

«Мамский әңгіме» подкастында әнші қазіргі жұбайымен арадағы жас айырмашылық пен оның бұрынғы отбасы жайлы шынайы пікір білдірді. Жолдасы 39 жаста болса, Айгүл ол кезде 25 жаста болған. Ер адамның бұрынғы некесінен екі баласы бар екені де жасырын емес.

«Әрине, бұл оңай болған жоқ. Бірақ мен бәрін тағдыр деп қабылдадым. Анам үнемі «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» деп айтып отыратын. Мен жолдасымның өмірлік тәжірибесін, қайраттылығын бағаладым», – деді ол.

Жолдасын таңдауға не себеп болды?

Әншінің айтуынша, өз ортасында талай жігіттер болғанымен, ешқайсысы батыл қадам жасамаған. Ал қазіргі жолдасы «пысықтау» болып, нақты шешімге келген.

«Менің әріптестерім қазір: «Айгүл, сен бізге қарамайтынсың» дейді. Мүмкін, оларда батылдық жетпеген шығар. Ал жолдасым мақсат қойып, соған жеткен шығар деп ойлаймын», – дейді Айгүл Қосанова.

Көпшілікке үлгі болар сұхбатында әнші тек өнерде ғана емес, жеке өмірде де шынайылық пен сабырдың маңызын көрсетті. Оның айтуынша, бақыт жасқа емес, адамдық қасиетке байланысты.