Головкиннің қолғабы: Перизат Қайрат ісінде жаңа дерек жария болды

14 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Коллаж: Anyqtime.kz

Астанадағы сот процесінде Перизат Қайратқа қатысты жаңа деректер жария етілді. Белгілі кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлі танымал боксшы Геннадий Головкиннің қолғабын аукционда сатып алған 10 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын білмей отырғанын айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Головкиннің қолғабы және күмәнді қайырымдылық

2021 жылы Instagram арқылы байланыс орнатқан Перизат Қайрат кәсіпкерді «Sheraton» қонақүйінде өткен қайырымдылық кешіне шақырған. Кеш ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығына қаражат жинау үшін ұйымдастырылғаны айтылған.

Сол кеште өткен аукционда Сүйіншәлі Геннадий Головкиннің бокс қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алып, қаржыны ресми түрде «BizBirgemiz Kazakhstan» қорына аударған. Алайда біраз уақыт өткен соң жоспарланған орталықтың бой көтермегенін білген.

Сенім мен сотқа дейінгі талап

«Бастапқыда бұл мемлекеттің қолдауымен жүзеге асатын ізгі жоба болады деп сендім. Бірақ кейін қаражаттың нақты қайда кеткені туралы ақпарат ала алмадым. Қаржы діттеген жеріне жетпеді деген күмән пайда болды», – деді Мөлдір Сүйіншәлі сотта.

Осы себепті кәсіпкер азаматтық талап арыз беріп, 10 миллион теңгені қайтаруды талап еткен. Егер қаражат орталыққа жұмсалғаны дәлелденсе, талаптан бас тартуға дайын екенін жеткізді.

Тағы 14 миллион теңге: жеке қарыз жайы

Бұдан бөлек, Мөлдір Сүйіншәлі Перизат Қайратқа жеке қажеттілігі үшін 14 миллион теңге қарыз бергенін де жария етті. Бір жыл ішінде бұл қаржы қайтарылмағандықтан, ол да сот шешімімен өндіріп алынған.

Перизат Қайратқа қандай айып тағылды?

Қазіргі таңда Перизат Қайратқа алаяқтық және ақшаны жылыстату баптары бойынша айып тағылған. Сот отырыстары жалғасып жатыр.


Айта кетейік, Сотта Перизат Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Бәйбектен жауап алынуын сұрады. Оның айтуынша, аталмыш қор партия жанынан құрылған.

Тэгтер:

сот аукцион Перизат Қайрат Мөлдір Сүйіншәлі Геннадий Головкиннің қолғабы