Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік химиктері қатарында

14 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық жас химиктер халықаралық аренада кезекті рет топ жарды. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен IChO-2025 халықаралық химия олимпиадасында еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ілікті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Төртеуі де – төрден көрінді

5–14 шілде аралығында өткен олимпиадаға 93 елден 360-тан астам үміткер қатысқан. Осындай ауқымды доданың ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының нәтижесі зор жетістікке баланады: екі алтын, екі күміс.

Кирилл Ким – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы – алтын

Абылай Кабдулхадыр – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы – алтын

Еңлік Бақытбекова – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы – күміс

Аңсар Жақсылықов – Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы – күміс

Көшбасшылық жалғасуда

Оқушылардың бұл жеңісі кездейсоқ емес. Ұлттық құрама бірнеше ай бойы түрлі оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, тыңғылықты дайындалған. Команданың ғылыми жетекшілері — KAIST магистранты Санжар Бегдаир мен олимпиада жеңімпазы Ринат Илюсизов — өз білімдері мен тәжірибесін шәкірттерге беруде сүбелі еңбек етті.

Марапат пен мотивация

Олимпиадада жүлдегер атанған оқушыларға Президенттің тапсырмасы бойынша қомақты қаржылай сыйақы қарастырылған: алтын медаль иелеріне – 1500 АЕК, күміс медальға – 1000 АЕК. Ұстаздарға да ынталандыру төлемі беріледі.

Жыл сайынғы тұрақты жетістік

Айта кетейік, былтырғы IChO-2024 жарысында да Қазақстанның жас химиктері жоғары нәтиже көрсетіп, алтын, күміс, қола медальдар иеленген болатын. Биылғы жетістік — бұл жолдың заңды жалғасы.

Тэгтер:

Назарбаев зияткерлік мектебі Халықаралық химия олимпиадасы IChO-2025 Қазақстан оқушылары Алтын медаль Кирилл Ким Абылай Кабдулхадыр Еңлік Бақытбекова Аңсар Жақсылықов