Алматыда химиотерапияны енді робот әзірлейді: бұл не үшін қажет?
Алматыда онкологиялық науқастарға арналған дәрілерді енді жоғары технологиялы робот әзірлейді. Бұл – Қазақстанда алғаш рет қолданылып отырған тәжірибе, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қауіпсіздік пен дәлдік: басты артықшылығы
Алматы онкологиялық орталығында енгізілген KiroOncology роботтандырылған жүйесі химиотерапиялық препараттарды автоматты түрде дайындайды. Бұл құрылғы бұрын Еуропа мен АҚШ елдерінде қолданылған. Оның көмегімен дәрігерлер қауіпті цитостатикалық заттармен қолмен жұмыс істеуден арылады.
Робот 360 градустық камера, штрихкод сканері және нақты өлшеу жүйесі арқылы:
- дәрі-дәрмек мөлшерін дәл есептейді;
- қателіктер мен адам факторын болдырмайды;
- пайдаланылған материалдарды герметикалық түрде жояды.
Қосымша жүйелер де қарастырылған
Сонымен қатар, орталық Kiro Assist платформасымен жабдықталған BiOptima IT II бокстарын да қолдана бастады. Бұл құрылғылар химиопрепараттарды қолмен дайындауға мүмкіндік берсе де, әр кезең мұқият бақылауда болады: сәйкестендіру, өлшеу, визуалды тексеру және құжаттау.
Қазақстандағы алғашқы қадам
Қазір еліміздегі көптеген онкоорталықтарда химиотерапиялық дәрілер ескі әдіспен дайындалып келеді. Жаңа жүйе бұл процесті автоматтандырып қана қоймай, медицина қызметкерлері мен науқастардың қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруы тиіс.
Бұл жаңалық – Қазақстандағы онкологиялық көмектің заманауи деңгейге шығуына жасалған нақты қадам.