Алматыдағы ірі жол апатында 23 адам зардап шекті: ауыр соқтығысқа автобус та түсті

Бүгін, 06:25 / Теңіз Тамшыбаев
Жол апаты. Коллаж: Anyqtime.kz

Алматының іргесіндегі Бұрындай тас жолында жүк көлігі мен автобус және бірнеше жеңіл көлік соқтығысып, жаппай жол апаты болды. 23 адам түрлі жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қауіпті соқтығыс қалай болды?

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, жол апаты 14 шілде күні кешкі 18:10 шамасында орын алған. МАЗ маркалы жүк краны Mercedes пен Kia көліктерін соғып, жол жиегіне шығарып жіберген. Артынша қарсы жолаққа өтіп, жолаушылар толы автобуспен бетпе-бет соқтығысқан. Қатты соққыдан автобус та Subaru көлігіне барып соғылған. Жеңіл көліктер айналып, автобустың артқы жағына да соғылыпты.

Фото: zakon.kz

Жолаушылар аман ба?

Алдын ала болжам бойынша, Mercedes көлігінде отырған әйел бес баласымен бірге болған. Олардың жағдайы әзірге нақтыланған жоқ. Десе де, ресми мәліметке сәйкес, 23 адам – негізінен автобустың жолаушылары – медициналық көмекке жүгінген.

Тергеу басталды

Қазіргі таңда полиция апаттың нақты себебін анықтап жатыр. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл жаппай соқтығыс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Жол апаты болған тұста көлік қозғалысы уақытша тоқтатылып, оқиға орнында жол-патрульдік қызметі жұмыс істеген.

Тэгтер:

Алматы жол апаты Бұрындай тас жолы Автобус пен жүк көлігі соқтығысты Жарақат алғандар саны Жаппай көлік соқтығысы