Айтыс өнерінен қол үзіп кеткен ақын Сара Тоқтамыс жуырда тележүргізуші Динара Сәтжанға сұхбат беріп, ел Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы бұрын айтпаған ойын ортаға салды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.
Сара Тоқтамыс сұхбатында айтыскердің міндеті тек сын айту емес, мәселені байыппен жеткізу екенін еске салды.
“Жалпы айтысқа шыққанда кез келген ақын “сен шындықты айттың ба” дейді. Менің бір сұхбатта айтқаным бар. Абсолютті шындық Құранда ғана. Не болып жатқанын өз көзіңмен көрмегеннен кейін кез келген нәрсені талқылай салу оңай. Сахнаға шыққанда ұлтымыздың, еліміздің, жер-жердің қаншама проблемасын айтамыз. Айтатын дүние өте көп қой. Бірақ айтқанның жөні осы деп бізде кей жас ақындар бар. Өзі Назарбаевтың тұсында өмірге келмесе де шығып алып, “30 жылдың былығында біз не көрмедік” деп айтып отырады. Мен айтамын “Сен ол кезде әлі дүниеге келген де жоқсың. Сен халыққа шындықты жеткіз. Халық оны түсінеді, ұғады””, – деді ақын.
Сара Тоқтамыс өз шығармашылығындағы ұстанымының зерттеу мен байып екенін атап өтті. Ол үшін президент те, басқа да тақырып та — ойлы жырлаудың нысаны ғана.
“Кез келген айтысымды қарасаңыздар, бірденені жырлайтын кезде менің ұраным – зерттеу. Мәселен, Назарбаев болсын, Тоқаев болсын. Қазақта “ханның басын хан алар” деген сөз бар. Отырып алып “мен осыны айтуым керек екен” деп бас-көз жоқ президенттің етегіне жармасып, сахнада отырып ешқандай уәжсіз айту – әбестік. Оның жеткізетін өзінің жолдары болады. Құранда да “Патшаңа қарсы шықпа” деген сөздер бар”, – дейді ақын.
Ол сонымен бірге кезінде Назарбаевқа қатысты айтқан өлең шумағын еске түсіріп, халықтың шынайы қабылдаған сәтін баяндады.
“Сондықтан менің айтыста “Бір жақтан аю тісін ақситады, Бөлінсең быт-шыт қылып талаймын деп, Мына жақтан айдаһар ысылдайды, Тоз-тозыңды шығарып тонаймын деп, Үш жүздің басын қосқан Нұр ағама, Жарасады жасасаң да қандай құрмет, Ағарды Нұр ағамның самай шашы, Үш жүздің қабағына қараймын деп” деген жыр шумақтарым бар. Сол кезде халық бүкіл Конгресс Холда шапалақтап, көзіне жас алған адамдар болды”, – дейді Сара Тоқтамыс.
Ол қазіргі жас ақындардың сахнаға “эмоция үшін шығатынына” алаңдаулы екенін жеткізді.
“Отырып алып мен ақын екенмін деп, халыққа, публикаға ойнау оңай. Қазір мен шығып аламын да биліктің быт-шытын шығарып сынаймын, күл-талқанын шығарамын дейді. Бір сәттік эмоция үшін қаншама дүние айтылады. Ол жақсы дүние емес. Сондықтан ақындардың қалжыңдап “Еее, сен Назарбаевтың адвокатысың ғой” деп айтқаны ғой. Менің жалпы пікірім осындай. Ол жерде жағыну, басқа бірдене деген дүние жоқ. Ақын ретінде кез келген нәрсені пайыммен, байыппен жеткізу керек”, – деп түйіндеді ол.