Сара Тоқтамыс Жүрсін Ерманмен арадағы кикілжіңді еске алды
Айтыскер әрі кәсіпкер Сара Тоқтамыс танымал жүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында өнер жолынан қалай кеткенін ашық айтты. Оның айтуынша, бұған белгілі ақын, айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның бір сөзі себеп болған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Ақынның өнер жолынан кетуіне не себеп болған?
Сара Тоқтамыстың айтуынша, Қарағандыда өткен айтыста финалға шығуға екі үміткер – өзі мен Жансая Мусина қалған. Сол кезде Жүрсін Ерманның: «Жансая, финалға шығасың, дайындала бер. Сара, сен көйлегіңді ауыстыра бер, шықпайсың» деген сөздері көңіліне ауыр тиген.
«Сахна сыртында жарты сағат жылап отырдым. Бұрын ондай сөзін естімеген едім. Сол сәтте-ақ: “Жүрсін аға, енді мені айтысқа шақырмай-ақ қойыңыз, мен қойдым”, – дедім», – деп еске алады ол.
«Өнердегі әкеме еркелігім болған шығар...»
Сара бұл жағдайды арада реніш болғанымен, кейін түсіністікпен қабылдай бастағанын да айтты. «Қазір ойласам, өнердегі әкеме еркелігім болған шығар. Ол кісі барлық жағдайды білмей, сұхбаттарының бірінде “Сара ренжіп кетті” деп айтыпты. Шынымен ренжідім де, сахнадан алыстадым», – дейді айтыскер.
Жеті жылдан кейінгі қайта оралу
Осы жағдайдан кейін айтысты доғарған Сара Тоқтамыс кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Алайда араға жеті жыл салып Қызылордада өткен айтысқа қайта қатысып, Жүрсін Ерманға жыр арнаған.
«Сол жерде ол кісі отырса, көзбе-көз кешірім білдіріп, бәрінің артта қалғанын айтқым келген. Бірақ келе алмапты. Жырмен айтқаным – арқамнан ауыр жүк түскендей болды», – дейді ол.
«Айтысқа неге шықпайсың?»
Сараның айтуынша, Жүрсін Ерман ауыр халде жатқанда, жолдасымен бірге халін білуге барған. Сол кезде Жүрсін аға: «Айтысқа неге шықпай жүрсің? Мен сені қуған жоқпын ғой», – деп сұраған. Сара болса: «Сізге амандық тілеп келдік. Сол жеткілікті», – деп қысқа жауап қайтарған.