Қазақстандағы ең бойшаң сарбаз Абай облысында әскерде жүр

16 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Коллаж: Anyqtime.kz

Абай облысында бойы 2 метр 8 сантиметр болатын ерекше сарбаз әскери борышын өтеп жүр. Арман Қайыржановқа арнайы төсек пен киім тіктірілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Арман Қайыржанов – Павлодар облысы, Екібастұз қаласының тумасы. Ол – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Әуе шабуылына қарсы 31767-Л әскери бөлімінің қатардағы жауынгері. Оның бойы – 2 метр 8 сантиметр, ал аяқ киімінің өлшемі – 50. Әскери бөлімде оған арнап арнайы төсек ұзартып берілген, ал киім мен аяқ киім тапсырыспен дайындалған.

Жас сарбаз өз отбасы мүшелерінің де бойшаң екенін айтады. «Бойымның ұзын болғаны өзіме ұнайды. Әскерге дейін төрт жыл баскетболмен айналыстым, соңғы жылдары Екібастұз қаласының намысын қорғадым», – дейді Арман.

Ол мектеп пен колледжде де ең бойшаң оқушы болған. Тіпті Екібастұз қаласы әкімдігінен «Қаланың ең ұзын адамы» деген арнайы грамотамен марапатталыпты. Дәрігерлер де оның Қазақстан бойынша ең бойшаң жігіт болуы мүмкін екенін айтқан екен.

Қазір Арман небәрі 19 жаста. Сондықтан дәрігерлер оның бойы алдағы уақытта тағы өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Арман болса, әскерге өз еркімен келгенін және Отан алдындағы борышты өтеуді қасиетті міндет санайтынын айтты.

Тэгтер:

Абай облысы Екібастұз ең ұзын адам Арман Қайыржанов әскери борыш