«Ауыл» партиясы өңірлік құрылымдарымен Қостанайда кеңесті: нақты міндеттер бекітілді
12 шілде күні Қостанай қаласында «Ауыл» партиясының өңірлік филиал төрағалары мен мәслихат депутаттары республикалық семинарда бас қосып, партия жұмысының II тоқсандағы қорытындыларын талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинарға Мәжіліс депутаты, партия төрағасы Серік Егізбаев жетекшілік етті. Жиынның басты мақсаты – өңірлердегі бастамаларды саралап, алдағы уақытқа арналған жұмыс бағыттарын нақтылау болды.
Басқосу барысында партияның саяси ұстанымдары мен имидждік жұмыстары, қоғамдық қабылдаулардың тиімділігі және өңірлік белсенділікті арттыру жолдары сөз болды. Әр өңірден келген делегаттар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сондай-ақ, «Ауыл» фракциясының депутаттары еліміздің 20 өңірін қамтыған он күндік сапардың нәтижелерін таныстырды. Бұл кездесулер барысында 100-ден астам нақты ұсыныс жиналған, олар Мәжіліс отырысында қаралуға ұсынылмақ.
Семинар соңында өңірлік филиалдарға ІІІ тоқсанда атқарылатын жобалар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Серік Егізбаев ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына бейжай қарамай, жергілікті жердегі жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін айтты.
Атырау облыстық филиалы үздік үштікке еніп, тиімді көрсеткіштермен ерекшеленді. Абай облысы бойынша филиал төрағасы Қайрат Смағұлов та жиынға қатысып, аймақ атынан ұсыныстарын ортаға салды.