Тоқаев 20 трлн теңге қаржыға жасалған аудит нәтижесін тыңдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, биылғы бірінші жартыжылдықта жүргізілген аудит нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Смайыловтың айтуынша, жалпы сомасы 20 триллион теңгеге жуық қаржыны қамтитын 12 аудит жүргізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1 есеге көп. Тексерістер білім беру, медицина, цифрлық даму, энергетика және спорт салаларын қамтыған.
Аудит нәтижесінде Үкімет пен басқа нысандарға 60-тан астам ұсыным мен 450-ге жуық ұйғарым жолданған. Сонымен қатар 20 іс құқық қорғау органдарына берілген.
Президентке палата бастамасымен әзірленген заңнамалық өзгерістер де таныстырылды. Енді Жоғары аудиторлық палата бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болды. Бұл өзгеріс мемлекеттік қаржының ашықтығын арттырады.
Сонымен қатар Ұлттық қор қаржысын бақылау жөніндегі комиссия жұмысы қайта құрылып, оның тиімділігі артады. Жылыту маусымына дайындықты елемеген жылу кәсіпорындары мен олардың басшыларының жауапкершілігін күшейту де ұсынылған бастамалар қатарында.
Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру, оның тиімділігі мен ашықтығын арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және бюджеттік шығындарды оңтайландыру қажеттігін атап өтті.