БЦЖ екпесімен қамту 97%-дан асты: мамандар ата-аналарға үндеу жасады
Фото: ОКҚ

БЦЖ екпесімен қамту 97%-дан асты: мамандар ата-аналарға үндеу жасады

Қазақстанда бірге толмаған балалардың 97%-дан астамы БЦЖ вакцинасын алған. Бұл туберкулездің ауыр түрлерінен қорғануға септеседі, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатындағы деректерге сілтеме жасап.

ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовтің айтуынша, бүгінде БЦЖ екпесі туғаннан кейін бір рет қана егіледі. Ал бұрын қолданылған 5-6 жастағы ревакцинация халықаралық ұсыныстарға сай тоқтатылған.

«Егер бала туберкулез жұқтырса да, вакцина аурудың ауыр түрін болдырмауға көмектеседі. Сондықтан ата-аналарды екпеден бас тартпауға шақырамын», — деді спикер.

Соңғы жылдары елімізде туберкулезге қарсы заманауи және тиімді емдеу тәсілдері кеңінен қолданылып келеді. Оның ішінде инъекциялық емес дәрілер мен 9-12 айлық қысқа мерзімді терапия режимдері бар. Кей препараттардың тиімділігі 90%-дан асады.

Сондай-ақ, профилактикалық емдеуге де ерекше мән берілуде. Бұл — ағзада микобактерия бар, бірақ белсенді ауруы жоқ адамдарға арналған. Заманауи әдістердің арқасында мұндай ем небәрі 1-3 айға созылады.

2023 жылы профилактикалық еммен 13 мыңға жуық адам қамтылған. Олардың 56%-ы — балалар. Биыл алғашқы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 8 633 адамға жетті. Қазір елде туберкулездің 90%-дан астам түрі толық емделеді, ал сауығу деңгейі 86,4%-ды құрап отыр.

Мәлік Әденовтің айтуынша, елімізде қазіргі таңда «Претоманид» атты жаңа препаратты сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл дәрі туберкулездің дәріге төзімді түрін небары 6 ай ішінде емдеуге мүмкіндік береді.