Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес қалай нәтиже беріп жатыр?
Фото: ОКҚ

Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес қалай нәтиже беріп жатыр?

Соңғы он жылда елде туберкулезге шалдығу көрсеткіші 52%-ға, ал өлім-жітім 75,6%-ға азайған. Бұған науқастарды ерте анықтау мен заманауи әдіспен емдеу себеп. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ алаңында өткен брифингке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан – туберкулезге қарсы алдын алу мен емдеу шараларын толығымен мемлекет есебінен жүргізіп отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Ем-дом мен диагностика тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді.

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшысы Мәлік Әденовтің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде туберкулезге қарсы қызметтің тиімділігі жоғары. Атап айтқанда, паллиативті топтағы науқастар саны 82,1%-ға азайып, 89 адамға дейін қысқарған.

Ауруды екі сағат ішінде анықтайтын Gene Xpert аппараты бүгінде 148 медициналық ұйымға орнатылған. Бұл құрылғылар аудандық деңгейде де қолжетімді. Бұдан бөлек, барлық облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтарда заманауи бактериологиялық зертханалар жұмыс істеп тұр.

Флюорографиялық скринингтің тиімділігі 100 мың тексерілгенге 2,4 науқасты анықтаумен бағалануда. Қазіргі таңда 455 фтизиатрлық кабинет және бақыланатын емге арналған 2564 бөлімше жұмыс істейді. 5955 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр, олардың 37 пайызы емді онлайн режимде жалғастыруда.

Туберкулезді анықтау үшін елімізде Манту, Диаскинтест (АТР сынамасы) және квантиферон (IGRA) тесттері қолданылады.