1 қыркүйектен бастап мектептерде «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізіледі

17 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: youtube.com/@KhabarTANYM

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептерде, соның ішінде жекеменшік білім ұйымдарында да, тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты бірыңғай бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл – бұрынғы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы. Жаңа бағдарлама Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» ұстанымымен үндесіп, мазмұны мен тәсілдері жағынан жаңартылған. Мақсаты – елжанды, еңбекқор, әділ ұрпақ тәрбиелеу.

Барлық мектептер үшін бірыңғай тәрбие форматы

Бағдарлама алғаш рет жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Осылайша, тәрбие жұмысы ел көлемінде бірыңғай стандартпен жүзеге асады. Оқу-ағарту министрлігінің №123 бұйрығымен бекітілген бұл бағдарлама Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының үйлестіруімен жүзеге асады.

Мектептерге арналған бірыңғай брендбук дайындалады. Білім ұясының ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтарды бейнелеуі қажет.

«Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау және ұлттық ойындар

Тәрбие жұмысы тек оқу пәндерімен ғана шектелмейді. Әр айда тақырыптық бағыттар белгіленіп, олар оқу мен тәрбие іс-шараларында қатар қамтылады. Мысалы, әділдік, еңбекқорлық, отансүйгіштік – оқушыларға сабақ үстінде де, сыныптан тыс уақытта да бойына сіңіріледі.

Мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут» жобасы, күймен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңашыл элементтер енгізіледі. Сондай-ақ оқушының мектептен тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше мән беріледі.

Қауіпсіздік пен тұлғалық дамуға басымдық

Бұған дейін жүзеге асқан «Қамқор», «Шабыт», «Smart Bala», «Еңбегі адал – жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» сынды жобалар өз жалғасын табады.

Балалар арасындағы буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы «Буллингтен қорған!», «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Қауіпсіз қоғам» секілді бағдарламалар да осы жүйенің бір бөлігі болады.

Тэгтер:

Оқу-ағарту министрлігі Адал азамат мектеп тәрбиесі ұлттық құндылықтар жаңа бағдарлама