Президент әскери қызмет және патриоттық тәрбие туралы заңға қол қойды
Фото: Ақорда

Президент әскери қызмет және патриоттық тәрбие туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы әскери-патриоттық тәрбие мен әскери қызметті жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Бұл туралы Anyqtime.kz хабарлайды.

Заң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Заң неге бағытталған?

Жаңа құжат бойынша Еңбек кодексіне, сондай-ақ «Қорғаныс», «Білім», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі», «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс» секілді заңдарға бірқатар өзгерістер енгізіледі.

Түзетулер жеті негізгі бағытты қамтиды:

  • Әскери-патриоттық тәрбие жүйесін күшейту және біріздендіру;
  • Әскери міндеттілерді даярлау мен қайта даярлауды жетілдіру;
  • Әскери есеп пен шақыру жүйесін жаңғырту;
  • Әскери атақтар беру тәртібін оңтайландыру, Қарулы Күштер мен әскери қызметшілер мәртебесін арттыру;
  • Мерзімді әскери қызметтің беделін көтеру;
  • Жастарды әскери қызметке кешенді дайындауға жағдай жасау;
  • Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын тиімді орындау.

Заң мәтіні жақын күндері ресми баспасөзде жарияланады.