Талдықорғанда Италия университетінің филиалы ашылды: студенттер қос диплом алады
Жетісу университетінің базасында Италияның Марке политехникалық университетінің ресми филиалы іске қосылды. Бұл бастама Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Филиалдың ашылуына министр Саясат Нұрбек, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Италия елшісі Антонелло Де Риу, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл — Қазақстан мен Италия арасындағы жоғары білім мен ғылым саласындағы жаңа кезеңнің бастауы.
Қазірдің өзінде «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарлама жұмысын бастаған. Жылыжай кешендеріне білікті агрономдар мен цифрлық технологияларды меңгерген кадрлар даярлау – негізгі мақсат.
Жетісу облысының аграрлық сипатына сай ауыл шаруашылығы, тағам инженериясы, туризм, экономика, ІТ салалары бойынша бағдарламалар іске қосылады. Аймақ әкімдігі алғашқы кезеңде 14 студентке арнайы грант бөлді.
Италия елшісі бұл жоба екі ел арасындағы достықты тереңдете түсетініне сенім білдірді. Филиалда Марке университетінің профессорлары дәріс оқып, студенттер халықаралық ғылыми жобаларға қатыса алады. Оқуды тәмамдаған түлектер екі елдің дипломын бірдей алады.