Қостанайда 64 млрд теңгелік «Тобыл» логистикалық хабының құрылысы басталды
Қазақстанның солтүстігінде ауқымды транзиттік хаб – «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Жоба Қостанай қаласында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Құрылысқа 133,6 гектар жер бөлініп, 64 миллиард теңге инвестиция салынады. Кешен іске қосылғанда жылына 400 мың контейнерге дейін жүк өңдеуге қауқарлы болады және 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобаға «Кедентранссервис» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» және Allur компаниялары қатысуда. Кешен халықаралық дәліздерге қосылып, Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран және Еуропа елдеріне жүк тасымалын қамтамасыз етпек.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бұл нысан тек логистика емес, еліміздің жаңа экономикалық картасын қалыптастыратын интеллектуалды алаң екенін айтты. Ал Қостанай облысы әкімінің айтуынша, бұл – өңірдің өндірістік қуатын арттыратын ұлттық деңгейдегі бастама.
2025 жылы транзиттік тасымал көлемі 16,8 млн тоннаға жетсе, жаңа кешен бұл көрсеткішті одан әрі өсіруге мүмкіндік береді. Құрылыстың аяқталуы 2027 жылға жоспарланған.