Қазақстанда 29 су қоймасына күрделі зерттеу жүргізілуде
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанда 29 су қоймасына күрделі зерттеу жүргізілуде

Елімізде су қауіпсіздігін арттыру мақсатында 29 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» мекемесі қолға алған, деп хабарлайды Anyqtime.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сараптама барысында 42 нысан бойынша қауіпсіздік декларациялары да әзірленуде. Бұған қоса, облыс әкімдіктері 19 су нысанын зерттеуге тартылып, қазіргі таңда Ақмола, Маңғыстау және Павлодар облыстарындағы жұмыстар аяқталды. Шығыс, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында талдау жалғасуда.

Биыл 10 облыста — Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, ШҚО, БҚО, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және СҚО — 105 су нысанын тексеру жоспарланған.

«2028 жылдың соңына дейін 557 нысан зерттеледі. Бұл зерттеулер су қоймаларының техникалық жай-күйін, жабдықтарының тозу деңгейін анықтап, жөндеу қажеттілігін нақты бағалауға мүмкіндік береді. Былтыр біз жоспардағы 77 нысанның орнына 84 нысанды зерттедік», — деді вице-министр Ерболат Ибрайханов.