Ауыл мен қаладағы айырмашылық жойылады: «Келешек мектептері» 200 мың оқушыны жаңа форматпен қамтыды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ауыл мен қаладағы айырмашылық жойылады: «Келешек мектептері» 200 мың оқушыны жаңа форматпен қамтыды

Қазақстанда барлық бала сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 122 жаңа мектеп салынып, 200 мыңнан астам оқушы заманауи білім ордасында оқып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Ел бойынша жалпы 460 мың оқушы орнын қамтитын 217 мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде соның жартысына жуығы ел игілігіне берілді. Ерекше назар – ауылдық аймақтарға аударылған: пайдалануға берілген мектептердің 40%-дан астамы шалғай ауылдарда орналасқан.

Мектептер 300 орыннан 2500 орынға дейін есептеліп, нақты өңірлік қажеттіліктерге қарай жобалануда. Қала мен ауыл мектебінің айырмашылығы болмайды – барлық оқу ғимараттары бірдей жоғары стандарттарға сәйкес салынып жатыр. Бұл — бүкіл ел бойынша бірыңғай білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.

Жаңа мектептерде оқу ортасы 15–20% кеңейіп, техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге артқан. Барлық оқу орындары жаңа жиһазбен, қауіпсіздік жүйесімен, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке блоктармен жабдықталған. Бұл балалардың физикалық және психологиялық жайлылығы үшін маңызды.

Министрлік бұл жобаны жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмейтін, болашақ ұрпаққа арналған ауқымды инвестиция ретінде сипаттайды. Жаңа мектептер – жай ғана оқу орны емес, балалардың ой-өрісі кеңіп, болашаққа сеніммен қадам басатын орнына айналмақ.