Президент Тоқаев Меруерт Камалиденованы FIDE World Cup 2025 жарысындағы жетістігімен құттықтады
FIDE World Cup 2025 турнирінің іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік деңгейдегі шахматшыларды шаң қаптырған отандық спортшы Меруерт Камалиденоваға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құттықтауда Мемлекет басшысы Меруерттің ел абыройын асқақтатқан жеңісін ерекше мақтанышпен атап өтті.
«Мемлекет өзіңіз сияқты талапты жастарға әрқашан қолдау көрсетеді. Елімізде бұл интеллектуалды ойын түрін жаппай дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Әрбір жеңістеріңіз оларды жігерлендіреді», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ Президент жас шахматшыға финалдық бәсекелерде сәттілік тілеп, бұдан да биік шыңдарды бағындыруына сенім білдірді.
Айта кетейік, Грузияның Батуми қаласында өтіп жатқан FIDE World Cup 2025 додасында Меруерт Камалиденова бірнеше тәжірибелі халықаралық шеберді жеңіп, Қазақстан шахмат тарихында жарқын бет ашты. Бұл турнир — әлемнің үздік шахматшылары бас қосатын беделді жарыс, әрі болашақта FIDE кандидаттық және чемпиондық матчтарға жолдама беретін маңызды алаң.
Меруерттің бұл жеңісі ел ішіндегі шахмат спортына деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, жас буынға шабыт берері сөзсіз.