372 миллиард теңге кімдерге төленді: мүгедек жандар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға жәрдем берілді
Қазақстанда жыл басынан бері мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге 372 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны — 541,7 мың адам, ал асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақы алушылар саны — 198,3 мың адамға жетті.
Мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы көлемі мүгедектік тобына, оның себебіне және жыл сайын өзгеретін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Ал асыраушысынан айырылғандарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы марқұм асырауындағы адамдар саны мен өлім себебіне қарай белгіленеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлемдер төленіп келеді. Бүгінгі таңда 94,4 мың адам еңбекке жарамдылықтан айырылуына байланысты, ал 64,8 мың отбасы асыраушысынан айырылуына орай қордан төлем алды.
Бұл төлемдердің мөлшері әр азаматтың соңғы екі жылда әлеуметтік аударымдар жасаған табысына, сақтандыру өтіліне, асырауындағы жандар саны мен басқа да жеке көрсеткіштерге байланысты есептеледі. Бұл — республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша берілетін көмек.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты аталған жәрдемақылар мен төлемдер 6,5%-ға көбейтілді. Атап айтқанда:
- 1-топтағы мүгедектерге – 101 702 теңге,
- 2-топ – 81 362 теңге,
- 3-топ – 55 474 теңге.
Ал әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін орташа төлемдер:
- еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша – 70 574 теңге,
- асыраушысынан айырылу бойынша – 72 528 теңге.