Қазақстанда 15 облыстық балалар ауруханасы жаңғыртылуда

17 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Бұл бағытта өңірлік медицинаны жетілдіруге арналған нақты жоспарлар бекітілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда еліміздің 15 облысындағы көпбейінді балалар ауруханалары қайта жаңартылуда. Сонымен қатар, облыстық перинаталдық орталықтарды қамтитын 17 мастер-жоспар қабылданған. Бұл жұмыс аясында құзыреттілік орталықтары, телемедицина, симуляциялық оқыту жүйелері мен медициналық технологияларды жетілдіру орталықтарын ашу көзделіп отыр.

Министрліктің мәліметінше, аталған өзгерістер аймақтардағы күрделі науқастарға телемедицина арқылы республикалық және халықаралық сарапшылармен кеңес алуға, сондай-ақ диагностика мен емдеуде жаңа тәсілдер енгізуге жол ашады. Сонымен қатар, медициналық бағытта тиімді басқару жүйесін енгізуге де сеп болады.

Аталған реформалар республикалық ғылыми орталықтар мен институттардың үйлестіруімен жүргізіледі. Бұл ауруханалар мен перинаталдық орталықтарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған.

Бүгінде елімізде жалпы 15 550 орындық төсек-орны бар 36 аурухана жұмыс істейді. Бірақ олардың тек бестен бірі ғана халық арасында ең көп кездесетін және еңбекке қабілеттілікке әсер ететін ауру түрлерін емдеуге бейімделген.

Жаңғыртудың негізгі кезеңі 2026–2028 жылдарға жоспарланған. Осы уақыт аралығында жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамту және технологиялық жаңарту қолға алынбақ.

Жобаның жүзеге асуы арқылы әсіресе жүкті әйелдерге көрсетілетін көмектің сапасы артып, халық денсаулығының жалпы көрсеткіштері жақсаруы күтіледі. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің біліктілігін симуляциялық орталықтарда арттыру көзделуде.

Тэгтер:

балалар ауруханасы медициналық жаңғырту телемедицина перинаталдық орталықтар симуляциялық оқыту