Жамбылда 5 млрд теңге қайтарылған қаржы есебінен 700-ден аса жоба қаржыландырылды
Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайтарылған қаражаттар есебінен 700-ден астам ауылдық жоба қаржыландырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі облыс әкімдігінің мәліметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама шеңберінде биыл қайтарылған 5,1 млрд теңге қаражат қайта айналымға жіберіліп, жалпы саны 711 жобаға жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде 240-ы мал шаруашылығын дамытуға, 33-і жылыжай салуға бағытталса, қалған 438 жоба түрлі бизнес бастамаларды қамтыды.
Мәселен, Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылының тұрғыны Марат Алғашбек мемлекеттік бағдарлама арқылы 9,2 млн теңге несие алып, газоблок шығаратын цех ашқан. Қазір онда бірнеше адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкер өндіріс аясын кеңейтіп, пластик терезе мен есік шығару ісін де қатар жүргізіп отыр. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары арасында бұл өнімге сұраныс жоғары.
Аталған ауданда бағдарлама 5 ауылдық округте іске асып жатыр. Нәтижесінде 847 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 863 адам жұмысқа орналасты.
Жалпы, 2019–2023 жылдары аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 42,2 млрд теңге бөлініп, 62 ауылдық округтің тұрғындары қамтылды. Осы кезеңде 8 028 адам несие алып, жеке кәсіп бастаған. Ал құрылған жұмыс орындарының жалпы саны 37 мыңнан асады, оның ішінде 22 мыңнан астамы тұрақты жұмыс болып есептеледі.
Бағдарлама әлеуметтік жағдайды да жақсартуға ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2020 жылғы 36 мыңнан 2025 жылы 18 мың адамға дейін қысқарған.