Қарапайымдылықтың символына айналған Хосе Мухика өмірден озды

14 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
www.ntv.com.tr

Уругвайдың бұрынғы президенті, кедейлікті ерлікпен емес – өмір салтымен дәлелдеген Хосе Мухика 89 жасында дүние салды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ult.kz сайтына сілтеме жасап.

Уругвай Президенті Яманда Орси бұл ауыр хабарды әлеуметтік желі арқылы жариялады.

"Біз әріптесіміз Пепе Мухиканың қазасын қайғыра хабарлаймыз", – деп жазды ол.

Орси Мухиканы тек бұрынғы мемлекет басшысы емес, елге үлгі болған белсенді азамат, көшбасшы ретінде еске алды.

"Біз сені сағынамыз, ардақты аға. Халқымызға деген шексіз махаббатыңыз бен жасаған жақсылығыңыз үшін алғысымыз шексіз", – деді қазіргі президент.

Хосе Мухика 1935 жылы 20 мамырда Монтевидеода туған. 2009 жылы Уругвай президенті болып сайланып, 2015 жылға дейін елді басқарды.

Ол саяси күрес жолында бірнеше рет жарақат алып, 14 жыл түрмеде отырған. Оның көп бөлігі оқшау камерада өткен. 1985 жылы Уругвайда демократия қалпына келген соң босатылған.

Биыл қаңтарда Мухикаға өңеш қатерлі ісігі диагнозы қойылып, ауруы асқынып, емделмейтіні анықталған соң, өзі емнен бас тартып, отандастарымен қош айтысқан еді.

Әлем оны "ең кедей президент" ретінде таныды. Президенттік жалақысының 90%-ын қайырымдылыққа жұмсаған. Жұбайымен бірге шағын фермада гүл өсіріп сататын. Меншігінде тек бір фермасы мен ескі Volkswagen Beetle көлігі ғана болған.

Хосе Мухика 90 жасқа толуына санаулы күндер қалғанда өмірден өтті.

Тэгтер:

Хосе Мухика ең кедей президент Уругвай