Аннабельмен қоштасу: Қарғыс атқан қуыршақ туралы зерттеу жүргізген тергеуші кенеттен көз жұмды
АҚШ-та мистикалық зерттеулермен аты шыққан Дэн Ривера халыққа Аннабель қуыршағын көрсетіп жүрген сәтінде кенеттен көз жұмды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
54 жастағы паранормальді зерттеуші Дэн Ривера Нью-Гэмпшир штатындағы қонақүйде өткен мистикалық кештердің бірінде Аннабель қуыршағын көпшілікке таныстырып жатқан. Куәгерлердің айтуынша, экскурсия барысында өзін нашар сезініп, кенеттен құлап түскен. Дәрігерлер келіп жеткенше жүрегі тоқтап қалғаны белгілі болды. Қайғылы жағдай сол жерде тіркелді, алайда ресми өлім себебі әзірге айтылған жоқ.
Қуыршақтың құпиясы
Аннабель — шынайы өмірде бар жәдігер. Ол 1970-жылдары Воррендер отбасына тиесілі болған. Демонолог Эд және Лоррейн Ворреннің айтуынша, қуыршақ зұлым рухпен байланысқа түскен. Ол жай ғана мүлгіп отырған ойыншық емес — адамдардың айтуынша, өзі тұрған орнын ауыстырып, тіпті айналасындағы заттарға әсер ете алған.
Аннабель бүгінде АҚШ-тағы жекеменшік оккульт музейінде сақтаулы. Оған арнайы әйнек қаптамада «Қатаң ескерту: ашпаңыз!» деген жазу қойылған. Қуыршақ Голливудқа да шабыт берді — 2014 жылы шыққан «Аннабель» фильмі соған негізделген.
Ривера кім еді?
Дэн Ривера — Жаңа Англия психикалық зерттеулер қоғамының жетекші тергеушісі. Ол өмірінің 20 жылдан астамын паранормальді оқиғаларды зерттеуге арнады. Көптеген деректі жобаларға қатысып, халық арасында «заманауи демонолог» атанып кеткен. Оның Аннабельге қатысты зерттеулері мен баяндамалары мистицизмге қызығушылар арасында кеңінен тараған болатын.
Қоғам не дейді?
Әлеуметтік желіде көптеген қолданушылар Ривераның өлімін жай ғана табиғи жағдай деп қабылдаудан бас тартуда. «Қуыршақтың қарғысы», «Бұл кездейсоқ емес» деген пікірлер тарауда. Бірқатар мистикалық форумдарда тіпті Аннабельмен байланыс орнатуға тырысып жатқандар да бар.
— «Ол ойыншық емес, тірі нәрсе», — деп жазды Reddit қолданушысы.
Қуыршақтың тарихындағы тағы бір өлім бе?
Айта кету керек, бұған дейін де Аннабельмен тікелей байланыс орнатуға тырысқан бірнеше адам түрлі жағдайда көз жұмғаны туралы бейресми ақпараттар тараған. Музей қызметкерлері де бұл қуыршақпен ойнауға немесе әзілдеуге болмайтынын ескертіп келеді.