«Халықты алдай алмайсың»: Бішкек вице-мэрін Ташиев халық алдында ұстатты
Қырғызстанда қала тұрғындарының шағымы вице-мэрді қызмет үстінде ұстауға себеп болды. Шенеунік жалға алған жер теліміне жылдар бойы ақы төлемегені анықталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі AKIpress сайтына сілтеме жасап.
16 шілде күні Бішкектің «Тұңғыш» ықшамауданында өткен жиында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев пен қала тұрғындары кездесті. Осы сәтте вице-мэр Жамалбек Ырсалиевтің атына бірнеше шағым айтылды: тұрғындар оның бірнеше жер телімін иеленіп, бірақ жалдау ақысын төлемегенін мәлімдеді.
Ташиев бұл деректерді тексертіп, жағдай рас екенін айтты. «Алты жылдан бері бұл жерді пайдаланып келесіз, бірақ жалдау ақысы төленбеген. Бұл – муниципалдық жер. Енді “менікі емес” деп бас тартасыз ба? Еркек болсаңыз, жауапкершілікті мойындаңыз. Қателік болса, халықтан кешірім сұрау керек», – деп мәлімдеді ол.
Бұдан кейін қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шенеунікті сол жерде қолына алып кетті. Ырсалиев бұл қызметке биылғы 14 мамырда тағайындалған болатын.