Жаңа ашылған сауда орталығында өрт шықты: 61 адам көз жұмды
Ирактың Кут қаласындағы жаңадан салынған сауда орталығы өртке оранып, 61 адам қаза тапты. Жарақат алғандар мен із-түзсіз жоғалғандар да бар, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға сәрсенбі кешкісін тіркелген. Ішкі істер министрлігі орталықтың небәрі бес күн бұрын ғана ашылғанын мәлімдеді. Өрт бірнеше қабатты шарпыған. Құтқарушылар таңға дейін адамдарды аман алып шығуға тырысты. Әзірге іздеулер жалғасуда.
Әлеуметтік желілерде төбеде көмек күтіп тұрған тұрғындардың видеолары тарап кетті. Жарақат алғандар жедел түрде ауруханаларға жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, апат кондиционер жарылуынан кейін басталған.
— Бұл — орны толмас қайғы. Біз тек кешкі ас ішуге барғанбыз. Шыға алмай қалдық, — дейді жергілікті тұрғын, дәрігер Насир әл-Кураши.
Кут қаласы Бағдадтан оңтүстік-шығысқа қарай 160 шақырым жерде орналасқан. Өрт шыққан ғимарат шаһардың орталығында орналасқан ірі сауда кешендерінің бірі болған.
Кілт сөздер: , , , , .