Су тапшылығы мен заңсыз егіс: Бектенов оңтүстіктегі вегетация барысын талқылады
Оңтүстік өңірлерде су тұтыну 50%-ға өскен. Түркістанда заңсыз егілген дақылдар анықталып, шенеуніктерге жаза қолданылмақ. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов елдің оңтүстігіндегі суармалы жерлерді қамтамасыз ету мен вегетациялық кезең барысына арналған жиын өткізді. Оған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және Түркістан мен Қызылорда облыстарының әкімдері қатысты.
Қазіргі таңда су қоймаларында 19,2 млрд текше метр су бар. Оның 98%-ы бес оңтүстік облысқа – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылордаға тиесілі. Бұл аймақтарда 1,2 млн гектар егіс алқабы суарылады.
Жоспар бойынша биыл 10,1 млрд текше метр су берілмек. 15 шілдеге дейін 7 млрд текше метр су жұмсалып үлгерген.
Алайда жауын-шашынның аз түсуінен маусым ұзарып отыр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қосымша қысым түсіріп, кей өңірлерде суды түнде және кезекпен беру тәсілі енгізілді. Сонымен қатар, коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану мен жер асты суларын тарту арқылы мәселе шешілуде.
Жамбыл облысында жағдай тұрақты, Шу-Талас бассейнінде 625 млн текше метр су жеткізу көзделген. Қордайда қосымша сорғы іске қосылып, Шу өзенінің арналары тазартылды.
Түркістан мен Қызылордада вегетация 20 күн ерте басталған. Ылғал тапшылығы дақылдардың суға сұранысын 50%-ға арттырып, күрделі ахуал туғызды. Осы өңірде заңсыз егілген ылғалды көп қажет ететін дақылдар анықталды.
Бектенов заңсыз әрекеттерге жол бергендерге тәртіптік жаза қолдануды тапсырды. Түркістан әкімдігіне халықты сумен қамтуда алдын ала әрекет ету міндеттелді.
Сондай-ақ Атырау мен Маңғыстау облыстарын ауыз сумен қамту үшін жер асты су қорларын пайдалану шаралары да талқыланды.