«Күйеуі атпен сүйреген»: Айзат Жұманованың өлімі қайта тергелуі мүмкін

Бүгін, 19:40 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: sona.kz

Жетісу облысындағы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманованың өлімі елді дүр сілкіндірді. Марқұмның туыстары оның күйеуі Айбар Жанболат тарапынан қатыгездікпен өлтірілгенін айтып, істің қайта қаралуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

HALYQSTAN телеграм арнасының айтуынша, Айзаттың туыстары оқиғаны қасақана жасалған қинау деп сипаттап отыр. Олардың сөзінше, әуелі жанжал туындап, кейін бірнеше сағатқа созылған соққы мен зорлық-зомбылық болған. Медициналық сараптама да бұл мәліметті растай түседі: бас сүйегінің сынуы, ми зақымы, аяқ-қолдың, жамбас сүйектерінің сынығы, денедегі терең жарақаттар анықталған.

«Арқанмен байлап, сүйреген, аяғы мен денесі сынғанша…» – дейді марқұмның анасы Салтанат Жуманова көзіне жас алып. Туыстары Айзаттың денесіндегі жарақаттарды жай ұрып-соғумен түсіндіру мүмкін емес деп есептейді.

Жақындарының айтуынша, марқұм жүкті болған. Бұл қатыгез әрекет оның екі жасар қызының көз алдында орын алған дейді. Қазір бала терең күйзелісте, сөйлемейді, түнде қорқып ұйықтай алмайды. Қызы бәрін көрді, бірақ айтуға қабілетсіз жалғыз куәгер деп отыр.

Полиция Айзаттың ауруханаға 22 маусым күні таңғы 02:30-да жеткізілгенін, 30 минуттан соң қайтыс болғанын растады. Алайда туыстары ол кезде марқұмның денесінде қан мен зорлық белгілерінің іздері болмағанын айтып, мәйітті жуып, киіндіріп қойғанын қылмысты жасыру әрекеті ретінде бағалап отыр.

Қазіргі таңда қылмыстық іс ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі – «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге соқтыру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Алайда Айзаттың туыстары бұл біліктеме тым жұмсақ екенін, ал іске қатысы бар адамның қасақана және жүйелі түрде зорлық көрсеткенін алға тартып отыр.

Айбар Жанболат — фермер, ат ұстаумен айналысқан. Кей дерек бойынша, ол жақында әкімдікке үміткер болмақшы болған. Айбардың өзі әйелі терезеден құлап кеткен деп мәлімдеген. Бірақ бұл нұсқаға ешкім сенгісі келмейді.

Тэгтер:

Айзат Джуманова Баласаз оқиғасы тұрмыстық зорлық әйел өлімі Жетісу жаңалықтары Жетісу облысы