Министр кеңесшісі болған Перизаттың дипломы қолдан жасалған ба?
Фото: instagram.com/01pk / Коллаж: Anyqtime.kz

Министр кеңесшісі болған Перизаттың дипломы қолдан жасалған ба?

Журналист Гүлбану Әбенова 2023 жылы басталған күмәнді жайттың бетін ашты. Перизат Қайрат министр кеңесшісі лауазымына орналасып, дипломды таныс арқылы «жасатып алмақ» болғаны туралы сотта мәлім болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ertenmedia сайтына сілтеме бере отырып.

Перизат Кайрат сол тұста Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дархан Қыдырәлінің кеңесшісі ретінде жұмыс істеген. Алайда ол кезде министрлік бұл фактіні жоққа шығарған. Қызығы, тергеу барысында Перизаттың 2023 жылғы 17 мамырда №59-ж бұйрықпен кеңесші ретінде тағайындалғаны анықталды. Тек іс насырға шапқан соң бұл бұйрықтың күші жойылған.

Сот отырысында Перизаттың досы Толғанай Боранқұл «Перизат маған шетелдік дипломды заңдастыру жолын сұраған. Мен де шетелде оқығандықтан, ол процеске көмектеспек болдым» деген. Бірақ нақты жазбаша сұраныс болмаған.

Перизат болса, «Мен дипломды қолдан жасағым келмеді. Шетелдік оқу орнынан алған құжатымды заңдастырғым келді» деп түсіндірген.

Алайда журналист Гүлбану Әбенова Ұлыбританиядағы әріптестері арқылы Перизаттың аталған университетті мүлде бітірмегенін анықтаған. Университет түлектері арасында аты аталмаған. Демек, «британдық диплом» жай ғана ойдан шығарылған.

Әбенова тағы бір қызықты деректі келтірді: «Ол кеңесші қызметіне орналасқанда, тек 9 сыныптық білімі ғана болған. Шетелдік жоғары оқу орны түгілі, орта білімді де толық бітірмеген».

Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Қоғам резонанс тудырған бұл іске қатысты әділ шешім күтіп отыр.