«Айтарға сөзім жоқ!»: Баян Алагөзова жолдағы дәретхнаға обзор жасады
Суретте Павлодар мен Астана жолындағы дәретхана. Коллаж: Anyqtime.kz / Фото: instagram/BayanMaxatkyzy

«Айтарға сөзім жоқ!»: Баян Алагөзова жолдағы дәретхнаға обзор жасады

Павлодарда киноға түскен Баян Алагөзова жаңа рөлі үшін ғана емес, даладағы дәретхана «шындығы» үшін де елдің назарын аударды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Instagram парақшасында ол түсірілімнің аяқталғанын айтып, Павлодардан Астанаға қайтар жолда түсірілген сторис жариялаған. Жол бойындағы жағдайды «Қазақстан даласындағы экспедиция» деп сипаттаған актриса Екібастұз тұсында дәретхана іздеген сәтін бөлісті.

«250 шақырым жүріп, әрең таптық», – деген ол Ерке есімді қасындағы әріптесін меңзеп, жолай тоқтауға себепкер болғанын әзілмен жеткізді.

Алайда тапқан дәретханасының жағдайы шошытқан.

«Мамааа... айтып жеткізе алмайтын иіс!» – деп, ішіне кіріп шыққан Баян жағымсыз иісті әзілмен сипаттауға тырысқанымен, соңында: «Айтарға сөзім жоқ. Біз бай елміз дейміз. Бірақ элементарный туалетіміз жоқ. 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз!» – деп ашынып айтты.

Оқырмандар Баянның бұл жазбасына түрлі реакция білдіріп, бір жағынан күлкіге қарық болса, екінші жағынан жол бойындағы инфрақұрылымның нашарлығына қынжылыс білдірді.

Айта кетейік, Алагөзова Павлодар облысында жаңа киноға түсіп, басты рөлде ойнаған. Образ үшін келбетін өзгертіп, Instagram-да бейтаныс ер адаммен бірге түскен кадр да жариялаған болатын.