«43 градус ыстық»: Қазақстанда нөсер жаңбыр мен аптап ыстық күтіледі
Ауа райы. Фото: khabar.kz

«43 градус ыстық»: Қазақстанда нөсер жаңбыр мен аптап ыстық күтіледі

Келесі күндері еліміздің біраз өңірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Сонымен қатар, кей аймақтарда 43 градусқа дейін ыстық болады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Синоптиктердің хабарлауынша, шілденің 19-ы мен 21-і аралығында Қазақстанда тұрақсыз ауа райы сақталады. Көптеген өңірлерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады. Кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді.

19 шілде күні солтүстік және орталық өңірлерде қатты жауын-шашын болады. Ал 20 шілдеде республиканың шығысында нөсер жаңбыр мен дауыл болуы мүмкін. Ауа райының құбылуы атмосфералық фронттардың өтуімен байланысты.

Аптаның соңына қарай ел аумағына солтүстік-батыс антициклоны әсер етіп, бұл жаңбырдың саябырсуына және ауа температурасының төмендеуіне алып келеді. Алайда желдің күшеюі жалғасады. Оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұруы ықтимал.

Түнгі және таңғы уақытта солтүстік өңірлерде тұман түседі. Сонымен қатар, елдің батысы мен оңтүстік-батысында 43 градусқа дейін аптап ыстық болжанған. Солтүстік-батыс пен шығыста 40°С, ал оңтүстік-шығыста 42°С шамасында болады.