Сара Назарбаева неге ел алдына шықпай кетті?
Фото: Әлеуметтік желіден

Сара Назарбаева неге ел алдына шықпай кетті?

Алматыдағы ұлттық госпитальде ем алып жатқан Сара Назарбаева туралы соңғы мәліметтер қоғам назарын аудартты. Бұрын ел алдына жиі шығатын экс-президенттің жұбайы қазір ұзақ уақыттан бері жұрт көзінен тасада. Бұл туралы Anyqtime.kz хабарлайды.

Госпиталь директоры Асхат Бралов оның денсаулығына байланысты нақты ақпарат бермеді. Бар айтқаны – емдеу шаралары медициналық стандарттарға сай, тәжірибелі мамандар бақылауында екені ғана. Қалғанының бәрі – медициналық құпия.

Бұған дейін дінтанушы Бейбіт Сапаралы оның «рухани кеселге» шалдыққанын айтып қалды. Отбасындағы ауыр оқиғалар – Айсұлтанның қазасы, Рахат пен Дариғаға қатысты жайттар Сара Алпысқызының жүйкесіне қатты әсер еткенін жеткізді.

Қоғам не дейді?

Бұл жаңалық әлеуметтік желі қолданушыларын да бей-жай қалдырмады. Бірі «Бұрын өзі халықтың баласына жаны ашитын. Енді өзі де жұрттың мейіріміне зәру болып отыр» десе, енді бірі «Бәріміздің тағдырымыз осындай. Бай-манап та, қарапайым адам да бірдей қартайып, ауруға шалдығады. Бірақ рухани жалғыздық ең ауыр дерт шығар» деп пікір білдіруде.

Кейбір қолданушылар бұрынғы «Бөбек» қоры мен балалар үйлеріне жасаған қамқорлығын еске алып, алғысын жаудырып жатыр. Ал енді бір тобы мұны бұрынғы билік иелерінің тағдырына берілген символикалық жауап деп қабылдаған.

Қалай болғанда да, кезінде ел анасы атанған Сара апаның қазіргі күйі – қоғам үшін ой саларлық жағдай.