Ахметбек Нұрсила марқұм досы туралы шындықты жария етті
Бұрынғы әкім әрі экс-шенеунік Ғалымжан Жақияновқа қатысты айыптар айтылды. Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила оның бұрынғы досы Төленнің өліміне жанама себепкер болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Facebook парақшасында бұрынғы шенеунік Ғалымжан Жақиянов пен марқұм Төлен арасындағы даудың жай-жапсарын ашты. Оның жазуынша, бұл жанжал жай ғана келіспеушілік емес — адам тағдырына әсер еткен қайғылы оқиға.
Нұрсиланың айтуынша, Төлен мен Ғалымжан бір кездері бірге бизнес бастаған. Моңғолиядағы кен орнын иемденіп, ортақ кәсіп құрған. Бірақ кейін екеуінің жолы екіге айырылған. Төлен өз үлесін сатуға келісіп, тараптар қол алысып бекіскен.
Алайда кейін кәсіп сатылғанда, Ғалымжан уәдесін орындамай, Төленге қарсы арыз жазған. Сөйтіп, бұрынғы досын «алаяқтық жасады» деп айыптап, қылмыстық қудалауға ұшыратқан.
«Бұл 1937 жылғы арызқойлықты еске салады», — дейді Ахметбек Нұрсила.
Оның сөзінше, осы оқиғадан кейін Төленнің денсаулығы нашарлап, онкологияға шалдығады. Бірақ бұрынғы достары мұнымен де тоқтамай, қудалауды жалғастырған.
Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасының орынбасары Тагир Сисенбаев та бұл іске араласқан. Ол да кезінде Төленмен бірге депутат болып, аға-дос болған. Бірақ кейін Төленге қарсы шығып, оның отбасына да қысым көрсете бастаған. Төлен өмірден өткен соң, Тагир марқұмның әйелі Алманың мұрагерлік құқығына қарсы арыз түсірген.
«Төленді тірісінде де, өлгеннен кейін де тыныш қалдырмадыңдар. Оның еңбегін отбасына қайтарыңдар. Ар алдындағы парыздарыңды өтеңдер», — деп үндеу тастады Ахметбек Нұрсила.
Бұл жазба желіде қызу талқыға түсті. Қоғамда «ақша үшін достықты сату», «тіріден де, өліден де аямаған тасжүрек қоғам» деген пікірлер жиі айтылып жатыр.
— Мынау масқара сұмдық жағдай екен. Төленді телевизордан Ғалымжан Жақиянов жайлы айтқандарын көрдім. Сол кезде Төлен қатты ауырып жүрді-ау деймін, дауысы бір түрлі қарлығып, жарқыншақтанып шығып жүрді, сірә рак гортани болған сияқты, — деп жазды желі қолданушыларының бірі.