Неге Қазақстанда зейнетақы төлемдері жиі тоқтатылып қалады?

18 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Қазақстанда зейнетақы төлемдері. Фото: inbusiness.kz

Жыл сайын елімізде мыңдаған зейнеткер күтпеген жерден зейнетақысыз қалып жатады. Бұл туралы мәселені алғаш көтерген inbusiness.kz редакциясы үш жылдық деректі зерттеп, дабыл қақты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі аталған сайтқа сілтеме жасап.

Inbusiness.kz тілшілері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, соңғы 2,5 жылда 4533 зейнетақы төлемі тоқтатылғанын анықтады. Оның ішінде 1682 зейнеткер әлі күнге дейін тиесілі қаражатын қайта ала алмай жүр. Яғни әр үшінші зейнеткер зейнетақысын қайта рәсімдемеген.

Зейнетақы неге тоқтайды?

Министрлік түсіндіргендей, егер зейнеткердің банк шотында үш ай қатарынан шығыс операциясы тіркелмесе, зейнетақы мен базалық төлем автоматты түрде тоқтатылады. Бұл норма 2023 жылғы 20 сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодексте де сақталған.

Яғни егер зейнеткер шотынан ақша шешпесе немесе карта арқылы төлем жасамаса, банк бұл туралы ақпаратты жүйеге енгізеді. Содан кейін төлем келесі айдың басында тоқтайды.

«Шығыс операциялары жоқ болса, ақпараттық жүйеден мәлімет келіп түскен сәттен бастап келесі айдың бірінші күнінен бастап зейнетақы мен базалық төлем тоқтатылады», – деп нақтылады министрлік.

Пошта арқылы хабарлама жіберіледі

Төлем тоқтағаны туралы хабарды зейнеткерлерге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы пошта арқылы жолдайды. Бірақ бұл хабарлама әрдайым уақытылы жетпейді, не зейнеткер оны елемей қалуы мүмкін.

Ал төлемді қалпына келтіру үшін азамат арнайы өтініш жазуы тиіс. 2023 жылдың 22 маусымында бекітілген ережеге сәйкес, уәкілетті орган өтінішті 5 жұмыс күні ішінде қарауы керек.

Министрлік заңнамаға өзгеріс енгізбейді

Мәселе жылдан-жылға қайталанғанымен, Еңбек министрлігі заңнамаға өзгеріс енгізуді қажет деп санамайды.

«Қолданыстағы кодекс нормалары өзекті және белгіленген құқықтық, әлеуметтік талаптарға сәйкес келеді. Сондықтан оны қайта қарау жоспарда жоқ», – деп жауап берді ведомство.

Алайда сарапшылар бұл жүйе қарттарды әділетсіздікке ұрындыруы мүмкін екенін айтады. Кей зейнеткерлер ақшасын ұзақ мерзімге жинап қоюы немесе тек қолма-қол есеп айырысуды жөн көруі мүмкін. Мұндайда олардың еш кінәсі болмаса да, автоматты жүйе оларды «белсенді емес» деп есептеп, төлемді тоқтатып тастайды.

Құқық қорғаушылар бұл тәжірибе зейнеткерлердің дер кезінде және үздіксіз қамтамасыз етілу құқығын шектейді деп бірнеше мәрте сын айтқан.

Тэгтер:

Еңбек министрлігі зейнетақы төлемі банк шоты әлеуметтік кодекс