«Өзін-өзі атты дегенге ешкім сенбейді» — Мұхамеджан Тазабек Заманбек Нұрқаділовтің өлімі туралы айтты
Мұхамеджан Тазабек саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің өліміне байланысты ел ішінде әлі де сейілмеген күмәндерге тоқталды. Ол бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген көлемді сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Сұхбат барысында Тазабек ел үшін шырылдап жүрген азаматтардың тағдыры, олардың өміріне төнетін қауіп, қоғамдағы сатқындық сынды мәселелерді қозғады. Ол Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасын жай ғана кездейсоқтық деп қабылдауға болмайтынын жеткізді. Бұл пікірін нақты мысалдармен бекіте отырып, өзіне тән ашық әрі бейнелі тілмен баяндады.
«Заманбек ағамыз қазаққа шын жаны ашыған адам болды деп ойлаймын. Кейде шын шырылдағаның қазаққа керек пе, керек емес пе деп ойлаймын. Керек дәрежеде ғана жанашырлық таныту қажет пе екен? Алтынбек пен Заманбектің қайтыс болып кеткенінен гөрі, тірі жүргенінің пайдасы көп пе деп ойлаймын», — деді ол.
Ақын өз сөзінде қоғамдағы басқа да оқиғаларға тоқталып өтті.
«Мысалы, кеше Шымкентте Руслан Берденовке оқ атылды. Алтынбек, Нұрқаділов ағаларымыз қайтыс болып кетті. Жалпы, біздің қоғамда “сатқындық”, “сені өлімге де қиып жіберу” деген нәрсенің бар екенін сезінуіміз керек сияқты. Өйткені онсыз да қазақ деп шырылдайтын азамат өте аз», — деді Тазабек.
Оның пайымынша, ондай азаматтардың өмірінің соңына дейін миссиясын адал атқарып, аман болғаны маңызды.
«Сондықтан, мен кейде азаматтарға “байқаңдаршы” деп айтамын», — деді ол.
Сұхбат барысында журналист Жанар Байсеміз қойған «Шындық ашыла ма?» деген сұраққа Мұхамеджан Тазабек ашық жауап қайтарды.
«Мен неше түрлі Голливудтың киноларын көріп алғанмын. Түрлі оқиғалар өмірде бола береді. Әрине, “Аға өзін-өзі атты” дегенге ешкім сенбейді. Бірақ нақты мына адам атты дегеннің нұсқасы да көп қой», — деді ол.
Ақынның айтуынша, өмірде ашылмайтын шындық көп.
«Меніңше, шындық ақыретте ашылады, бұл өмірде ашылмайтын шындық көп», — деп ойын түйіндеді.
Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы күмәнді жағдайда көз жұмған. Ресми нұсқа бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған деп жарияланғанымен, бұл шешімге жұрттың көпшілігі күмәнмен қарайды.