Қазақстан Орталық коммуникациялар қызметі мен Қытайдың «Синьхуа» агенттігі ақпараттық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Рио-де-Жанейрода өткен БРИКС елдерінің БАҚ пен сараптамалық орталықтары форумында екі тарап арасында кездесу өтті. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров пен «Синьхуа» агенттігінің бас директоры Фу Хуа медиа саладағы өзара байланыстарды кеңейту жайын талқылап, бұған дейін жасалған келісімдердің өзектілігін атап өтті.
Қытай тарапы Қазақстанның халықаралық ақпараттық байланыстарды нығайтудағы белсенділігін жоғары бағалап, ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілік білдірді.
Форум барысында Асқар Омаров Латын Америкасы мен Азия елдеріндегі мемлекеттік құрылымдар және сараптамалық орталықтардың өкілдерімен де кездесулер өткізді.