Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі өлім көрсеткіші 4,2%-ға төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Министрлік өткізген кеңейтілген алқа отырысында медициналық көмек сапасын арттыру мен қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. 1000 тұрғынға шаққандағы жалпы өлім көрсеткіші былтырғы 6,46-дан 6,35-ке дейін төмендеген. Бұл жүйелі реформалар мен жедел медициналық көмекке қолжетімділіктің артуының нәтижесі ретінде бағаланып отыр.
Ана өлімі 10%-ға азайып, 100 мың тірі туғанға шаққанда 12-ден 10,8-ге түсті. Сәбилер өлімі де айтарлықтай төмендеді — 1000 тірі туған балаға шаққанда 5,94 болып, 26,3%-ға азайған. Сонымен қатар, неонаталдық өлім 4,2-ден 3,2-ге, яғни 23,8%-ға қысқарғаны атап өтілді.
Балалар арасындағы өлім көрсеткіші де 9,75 орнына 7,3 деңгейінде тіркеліп, тұрақты оң динамика байқалуда. Реанимациялық көмек көрсету табыстылығы 60%-ға жетіп, былтырғыдан 8,3%-ға артқан.
Жол-көлік оқиғаларынан болған өлім-жітім де азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 8,46 жағдай тіркелген. Бұл жоспарланған 11,7 межеден төмен.
Министрлік бұл жетістіктерге медициналық статистиканың сапасын арттыру арқылы қол жеткізілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, өлім себептерін дұрыс кодтауға байланысты медицина қызметкерлерін оқыту және Ұлттық ғылыми орталық жанынан арнайы Кодтау бюросын құру қолға алынған.