Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды: қандай өзгерістер болады?

19 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Құжат 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Онда салықтардың саны қысқарып, есептілік жеңілдейтіні айтылған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Кодекс салық жүйесін жеңілдетуге және салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған. Мәселен, салық есептілігі 30%-ға, салық түрлері 20%-ға қысқарады. Қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін ҚҚС 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% болады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), орфандық ауруларды емдеу, кітап шығару және археология қызметтері ҚҚС-тан босатылады. Мерзімді баспасөзге – 10%, ал ҚҚС тіркеу шегі 10 мың АЕК (шамамен 40 млн теңге) болып белгіленді.

БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы жеке табыс салығынан босатылды. 10 жылдан асқан көліктерге салық жеңілдейді. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған шегерім 5000 АЕК-ке дейін көбейтілді.

Арнаулы салық режимдері үшке қысқартылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шаруа қожалықтары және оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар енді мобильді қосымша арқылы салық төлей алады.

КТС 20% деңгейінде сақталады. Бірақ кей секторлар үшін сараланған мөлшерлеме енгізіледі: банктер мен ойын бизнесі үшін – 25%, әлеуметтік салада – 5-10%, ал ауыл шаруашылығында – 3%.

ЖТС бойынша прогрессивті жүйе енгізіледі. 8500 АЕК-тен асатын табысқа – 15%, ал ірі табысы бар кәсіпкерлер мен фермерлерге де жеке мөлшерлемелер белгіленеді.

Қымбат автокөлік, яхта, алкоголь мен темекіге 10% акциз салынады. 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке мүлік салығы жоғарылайды.

Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Шағын берешек үшін шот бұғатталмайды. Төлемді кейінге шегеру немесе бөліп төлеу жеңілдетіледі.

Тэгтер:

ҚҚС Салық кодексі ЖТС КТС салық реформасы