Ұлытауда жылу мен ауызсу нысандарын жаңарту кешігіп жатыр – Премьер-министр шұғыл шара талап етті
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы жылу-электр орталығы мен су тазарту жүйелерін жаңарту барысын тексеріп, бірқатар кемшіліктерге назар аударды. Мердігердің жұмысы сынға алынды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Жезқазған ЖЭО-ы соңғы жылдары «қызыл аймақтан» шығарылып, күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір станса 175 МВт электр қуаты мен 363 Гкал/сағат жылу беріп отыр. Негізгі қондырғыларға – қазандықтар мен турбиналарға жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Энергия жүйесінің маневрлігін арттыру үшін қуаты 75 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы басталды. Бұл жоба арқылы 80 жұмыс орны ашылады.
«Қазақмыс Энерджис» компаниясының директоры Темірлан Өтегенов тарифтердің кезең-кезеңімен өсуі жөндеу жұмыстарына мүмкіндік бергенін айтып, 2026 жылы жас отбасыларға арналған 80 пәтерлі тұрғын үй салынатынын жеткізді.
Алайда ауызсу жүйесін жаңарту жұмыстары жоспардан айтарлықтай кешігіп отыр. Жобаның жалпы дайындығы – 47%, ал құрылыс 125 күнге кешеуілдеген. Қала әкімі Қайрат Шайжановтың айтуынша, тәулігіне 66 мың текше метр су өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа жүйе орнатылуда. Бірақ жобаға 300 жұмысшы тартылуы тиіс болса, шын мәнінде 30 адам ғана жұмыс істеп жатыр.
Осыған байланысты Премьер-министр мердігерге қатысты жедел шара қабылдауды тапсырды.
«Сапалы жылу мен ауызсу – халықтың күнделікті өмір сүруіне қажет басты ресурстар. Сондықтан барлық жоба белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Жауапты тұлғалар жұмыс барысын күн сайын бақылауы керек», – деді Олжас Бектенов.
Сумен жабдықтау Кеңгір су қоймасы мен Үйтас-Айдос кен орны арқылы жүзеге асады. Жаңартылғаннан кейін су тазарту жүйесінің тозу деңгейі 90%-дан 37%-ға дейін төмендемек.