«Емдеймін» деп мүгедек етті»: Ерболат Төлеген жалған емшіге алданып қалғанын айтты

Бүгін, 16:23 / Теңіз Тамшыбаев
Суретте Ерболат Төлеген Оңласбек есімді азаматтан ем алып жатыр. Коллаж: Anyqtime.kz

Әзілкеш Ерболат Төлеген бірнеше жыл бұрын жалған емшінің салдарынан жарақат алып, әлі күнге дейін оңала алмай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі SMARTNEWS.KZ сайтына сілтеме бере отырып.

YouTube көріп, емші болған

Белгілі актер әлеуметтік желі арқылы өзін «мануалды терапевтпін» деп таныстырған азаматқа алданғанын айтты. Оның сөзінше, өзін-өзі «емші» санайтын адам қарапайым YouTube видеоларынан қарап, массаж жасауды үйренген-мыс.

«Оң қолымның сіңірін жыртып жіберді»

«Құрметті ағайын, мұндай емшісымақтарға алданбаңыздар. Мен ол адамға барып, оң қолымның сіңірін жыртып алдым. Жұмыс істей алмай, 2-3 жыл қиналдым. Енді сол иығым да көтерілмей қалды. Қанша ем-дом көрдім, көмегі болмады», – деді Ерболат Төлеген Instagram парақшасында.

@onlasbek_manualist деген кім?

Актердің айтуынша, ол барған адам – Instagram желісінде @onlasbek_manualist атымен тіркелген Оңласбек есімді азамат. Видео жүктеп, өзін Ерболатты емдеген адам етіп көрсеткен. Емшіні әшкерелегеннен кейін ол актерді парақшасынан бұғаттап тастаған.

Жұрт жағасын ұстады

Әлеуметтік желі қолданушылары емшінің әрекетіне наразы. Жұрт Ерболат Төлеген жариялаған видеоны көріп, ашу білдірді: «Қасқаны инвалид қылды ғой», «Бұл не деген емдеу тәсілі?!», «Осындайлардан зардап шеккендер көп», – деп жазды желідегілер.

Дәрігерлер ескертеді

Мамандар да жалған емдеу әдістерінен сақ болуға шақырады. Сертификатсыз, кәсіби білімі жоқ адамдардың қызметі денсаулыққа қауіп төндіреді. Қазір мұндай тұлғаларға қатысты бақылау күшейтіліп отыр.

Тэгтер:

Ерболат Төлеген жалған емші мануалды терапевт Оңласбек