Оразалы Досбосыновтың тұяғы әке атанды: халық ақжарма тілегін жаудырды
Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан алғаш рет әке атанды. Фото: instagram.com/orazalydosbosynov/

Оразалы Досбосыновтың тұяғы әке атанды: халық ақжарма тілегін жаудырды

Танымал айтыскер ақын, ұлттың ар-намысы болған марқұм Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан алғаш рет әке атанды. Бұл қуанышты жаңалық ақынның есімімен ашылған Instagram парақшасында жарияланып, көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Sportinside порталының дерегіне сүйеніп.

«Ораз ағамыздың немересінің бауы берік болсын, үлкен азамат болсын!» – делінген жазбада. Ақынның өмірден өткеніне жиырма жылдан асса да, оның елге қалдырған сөзі мен рухани мұрасы ұмытылған жоқ. Қайратты жырларымен елді елең еткізген Оразалының есімі халық жадында, ал енді оның ұрпағы – немересі дүниеге келіп, сол асыл дәстүр сабақтастығын жалғауда.

Нұрсұлтан – Оразалы ақын мен жұбайы Әлияның артында қалған жалғыз тұяғы. Әке-шешеден ерте айырылған ол бүгінде азамат болып, өз отбасын құрып отыр. Бұл оқиға – тек бір әулеттің емес, руханият жанашырларының, қазақ өнерін қадірлеген елдің ортақ қуанышы.

Желі қолданушылары бұл жаңалықты қуанышпен қабылдап, жылы лебіздерін жарыса жазды. Кейбір пікірлерден үзінділер:

– «Бауы берік болсын! Атасының жолын жалғайтын текті ақын болсын!»
– «Адам ұрпағымен мың жасайды. Бұл өмірден ерте кеткен Ораз ағамыздың рухы шат болсын»
– «Ата мен апа бұл сәтті көрмей кетті, әттең-ай... Бір кем дүние...»

Оразалы Досбосынов 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, 2006 жылы бар-жоғы 29 жасында жол апатынан қайтыс болған. Ол қазақ айтысының алтын дәуірінде ерекше даусымен, өткір тілімен халықтың жүрегінен орын алған санаулы саңлақтың бірі еді.

Бүгін, міне, оның ұлы отбасын құрып, өмірге келеген жаңа өмір – ақынның немересі – сол рухани шынжырдың жалғасы болып отыр.