Баласымен бірге теңізге секіріп тірі қалған әке, жан түршігерлік өртті бейнежазбаға түсірген
Индонезия жағалауында өртенген паромнан құтылып шыққан Абдул Рахмад Агу есімді жолаушы қолындағы сәбиімен бірге теңізге секіріп, бәрін тікелей эфирде көрсеткен, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі The Sun сайтының дерегіне сүйеніп.
Құтқару кеудешесін киген ол суға құлаған жүздеген адаммен бірге жан сақтау үшін арпалысып жатқан сәтін Facebook-та жариялады.
Қазірге дейін 3 адамның қаза тапқаны анықталды. 150 жолаушы құтқарылған. Алайда кемеде 280 адам болғандықтан, тағы 130 адам іздестіріліп жатыр.
Абдул видео барысында: «Көмектесіңіздер, кеме өртеніп жатыр. Бортта әлі адамдар бар!» – деп шырылдайды. Ол қолындағы сәбиді құшақтап, өзге жолаушыларды сабырға шақыруға тырысқан. Эфир 28 минутқа созылған. Бұл – адамдар кем дегенде жарты сағат суда қалды деген сөз.
Өрт KM Barcelona VA паромында жексенбі күні күндіз басталған. Алдымен кеменің төменгі бөлігінен қою түтін шығып, артынша жолаушылар үреймен суға секіре бастаған. Құтқару кеудешесін киген адамдардың айқайлап, көмек сұрап жатқан видеолары әлеуметтік желіде тарап кетті.
Кемеден тұтас от шығып, аспанды қап-қара түтін жауып кетті. Экипаж мүшелері жолаушыларға құтқару кеудешелерін киіп, суға секіруге көмектескен. Кейін кейбір аман қалғандар көрші қайықтың үстінен өртенген кемеге қарап, көздеріне жас алған.
Құтқару жұмыстарына арнайы кемелермен қатар, жергілікті балықшылар мен тұрғындар да жұмылдырылған. Олар өз қайықтарымен адамдарды судан шығарып алған. Өрттен кейін кеменің қаңқасы ғана қалған: көгілдір-ақ түсі қара күйеге айналып, ішкі темір құрылымдары ашық көрініп қалған.
KM Barcelona VA – Талауд аралдарынан Манадо қаласына жолаушылар тасымалдайтын паром. Ол Талисе аралына жақын маңда өртеніп кеткен. Кеме Манадо портына жетуге шақ қалған сәтте өрт тұтанған.
Қазіргі таңда өрттің нақты себебі белгісіз. Іздестіру-құтқару штабы жақын маңдағы Ликупанг портында құрылды. Жолаушылардың туыстары сабыр сақтап, ресми ақпаратты күтуде.
Манадо қаласындағы іздеу-құтқару қызметінің жетекшісі Джордж Ранданг: «Қосымша ақпарат береміз. Ең бастысы – барлық жолаушыларды аман алып қалу», – деді.