Зейнетақыға 2 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалды
Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында зейнетақы төлемдеріне республикалық бюджеттен 2,1 трлн теңге бөлінді. Бұл туралы Anyqtime.kz хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, оның ішінде 678,7 млрд теңге базалық, ал 1,4 трлн теңге ынтымақты зейнетақыға бағытталған. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елдегі зейнеткерлер саны – 2,489 миллион адам. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 143 529 теңге, оның ішінде ынтымақты – 95 912 теңге, базалық – 47 617 теңге.
2025 жылдың басында базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақтысы 8,5%-ға көтерілген. Бұл инфляцияның болжамды деңгейінен 2%-ға жоғары. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, ең төменгі базалық зейнетақы бес жыл ішінде кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысы 120%-ға жеткізіледі.
Қазірдің өзінде базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңгеге, ал ең жоғарғысы 50 851 теңгеге жеткен. Бұл зейнеткердің жүйеге қатысу өтіліне қарай жеке есептеледі. Мәселен, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар азаматтар ең жоғарғы мөлшердегі базалық зейнетақыны алады.
Ал зейнетақы жинақ жүйесінде бір айда бірнеше төлем жасалса да, ол бір ай ғана деп есептеледі. Сондықтан жарналарды тұрақты түрде төлеу – болашақ зейнетақының жоғары болуына ықпал етеді.
Жасына байланысты төлем мөлшері 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне және зейнетке шығар алдындағы орташа айлық табысқа байланысты есептеледі.