Қазақстанда креативті экономикамен айналысатын кәсіпорындар саны 17%-ға артты. Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың қатары көбейіп, мемлекет 2029 жылға дейінгі нақты жоспарды жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, еліміз WIPO рейтингінде креативті өнімдер мен кинематография саласы бойынша біршама жоғарылаған. Қазірдің өзінде 16 креативті орталық жұмыс істейді. Жаңа жобаларға арналған акселераторлар, халықаралық білім беру бағдарламалары іске қосылған.
2025 жылдың екінші жартысында Корпоративтік креативті индустрияны қолдау қоры жұмысын бастайды. Ол отандық таланттарды дамытып, шетелдік нарыққа жол ашуға ықпал етпек.
Сонымен қатар, салықтық ынталандыру шаралары да өз нәтижесін беруде. 2024 жылы енгізілген арнайы режим креативті экономика субъектілерінің санын 46 мыңнан асырды.
Болашақта бұл сектордың ЖІӨ-дегі үлесі 2%-ға жетіп, экспорт көлемі 115 млн доллардан асуы мүмкін.